SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 9 мамырға қараған түні Ақтаудағы тұрғын үй кешенінде қайғылы оқиға бола жаздады. 17-қабаттағы пәтерде бұрынғы күйеуімен бірге тұрған әйел қатігез зорлықтың құрбанына айналды.
Зардап шеккен әйел оқиғаны жария ету үшін блогер Азамат Сарсенбаевқа жүгінген. Оның айтуынша, 12 мамырда қайта қосылуға ниетті болған бұрынғы күйеуі кенеттен шабуылдап, ұрып-соға бастаған.
Ол әйелді екі жарым сағат бойы сабап, тұншықтырып, балконнан лақтырып жіберемін деп қорқытқан. Кейін өзін де өлтіретінін айтқан.
Жантүршігерлік жағдайға қарамастан, көршілер айқай мен көмек сұраған дауысқа мән бермей, полиция шақырмаған. Әйел агрессормен жалғыз қалған. Шок күйінде ол пәтерден қашып шығып, 17 қабатты баспалдақпен қалай жүгіріп түскенін өзі де есіне түсіре алмайды.
Фото: instagram.com/azamat_sarsenbayev
Сол түні ол құрбысының үйінде түнеген. Таңертең есін жиған соң, полицияға арыз жазған.
"Қазір әйелдің жалғыз қорқынышы — бұрынғы күйеуі оны тауып алып, бастаған ісін аяқтап тастай ма деген қауіп. Бұған дейін ол оны бірнеше рет кешіріп, полицияға шағымданбаған", — деп жазды блогер.
Азамат Сәрсенбаевтың айтуынша, 26 мамырда сот азамат "И"-ге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 461-бабы (Қорғау нұсқамасын бұзу) бойынша он тәулік қамау және 3 айлық бақылау шарасын тағайындады.
Қазір оған Қылмыстық кодекстің 109-бабы (Ұрып-соғу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру, 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе 2 жылға дейін мәжбүрлі еңбекке тарту жазасы қарастырылған.
"Алдағы уақытта онымен профилактикалық шаралар жүргізіледі", – деп хабарлады сот өкілдері.