SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе облысында екі айлық нәрестесінің өліміне себеп болған 38 жастағы әйел бір жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот дерегінше, Тамара есімді әйел бұған дейін түрлі ер адамдардан үш бала туған. Алайда дұрыс қарамағаны үшін олардан айырылып, 2017, 2019 және 2021 жылы туған балалары «Аяла» балаларды қолдау орталығына тапсырылған. Соған қарамастан әйел төртінші рет жүкті болып, жүктілік кезінде дәрігерлік есепке тұрмаған.
Кейін әйел Алға ауданы Ерназар ауылындағы бір шаруа қожалығының жұмысшысымен танысып, сол жаққа жұмысқа орналасады. Қараша айының соңында шөп рулонын итеруге көмектесіп жүргенде жағдайы нашарлап, сол күні кешке шаруашылық үйінде қыз босанып, оған Гүлдана деген ат қояды. Бірақ ол бұл туралы жергілікті фельдшерге хабар бермеген.
Ананың нәрестеге қарауы мүлде дұрыс болмаған: уақытында емізбеген, дәрі-дәрмек бермеген, ауырып жатқанына қарамастан дәрігерге де апармаған. Ақыры нәресте өткір респираторлық инфекция, іріңді бронхит және өкпе қабынуынан қайтыс болды. Бүлдіршін бар болғаны екі ай ғана өмір сүрген.
Сотта Тамара өз кінәсін толық мойындады. Ол баласының өліміне өзінің немқұрайлығы себеп болғанын айтып, кінәсін жасырмады. Мекемелерге неге жүгінбегенін түсіндіріп, ұялы телефоны болмағанын алға тартты. Алайда Алға аудандық ауруханасының педиатры сотта баланың ауруы бірнеше күн бойы асқынып, көзге анық көрінетін белгілері болғанын айтты. Уақытында көмек көрсетілсе, сәби аман қалуы мүмкін еді.
Айта кетейік, Ерназар ауылы аудан орталығынан небәрі 9 шақырым жерде орналасқан, жолы жақсы. Ал Ақтөбеге дейін бар болғаны 40 шақырым — медициналық көмек алу мүмкіндігі болған.
Сот Тамараны ҚР Қылмыстық кодексінің «Қауіп-қатерде қалдыру» бабы бойынша кінәлі деп танып, 1 жылға бас бостандығынан айырды.