«Біздің миссия Қазақстандағы сайлау барысын бұған дейін де бақылап келді. Бақылау бойынша тәжірибе бар. Бұл жолы да үлкен жауапкершілікті сезініп отырмыз. ШЫҰ байқаушылары өткен жылы қарашада өткен президент сайлауы барысын да қадағалады. Бұл жолғы сайлау Қазақстан Президенті жариялаған қоғамдық-саяси жүйені жаңарту курсы аясында жаңа модель бойынша жүзеге асырылмақ. Біз ОСК басшысы Нұрлан Әбдіровпен жан-жақты және мазмұнды әңгіме өрбіттік. Біз қазақстандықтардың қонақжайлылығын сезіндік. Міндеттерімізді орындау үшін қолайлы жағдай жасалатынына сенімдіміз», - деді Григорий Логвинов Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингіде.
Оның айтуынша, 19 наурыздағы сайлау барысын ШЫҰ атынан 18 байқаушы қадағалайды.
«Қазақстанда Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттығына үміткерлердің орташа жасы 47-ден төмен. Яғни, депутаттық корпустың жасарып келе жатқанын білдіреді. Бұл Қазақстанның одан әрі дамуына жаңа дем беретіні сөзсіз. Қазақстан халқына табыс тілеймін», - дейді ол.
«Біз ешқашан елдердің заңнама актілері және сайлау жүйесіне қатысты баға бермейміз. Шанхай ынтымақтастық ұйымы ұстанымдарының бірі – елдердің ішкі ісіне араласпау. Әр халықтың мәдени және қоғамдық-саяси құрылғы жүйесі бойынша таңдауы мен егемендігін құрметтеу», - деп толықтырды ШЫҰ басшысының орынбасары.