«Халыққа қауіп төніп тұрған жоқ»: Қорғаныс министрлігі түсініктеме берді
Азаматтарды сабыр сақтауға шақырамыз дейді министрлік.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астана, Қарағанды және Павлодар тұрғындары аспанда байқалған белгісіз нысанға куә болды.
Кешкі уақытта аспанда қозғалып бара жатқан (кейбір тұрғындардың айтуынша — құлап жатқан) жарқыраған құбылыс халық арасында қызу пікірталас туғызды. Желіде тараған бейнежазбалар мен суреттер бұл көріністі жүздеген мың адам тамашалады.
Беймәлім нысан туралы болжамдар көп болды: біреулер метеорит десе, енді бірі спутниктің қалдығы деген пікір айтты. Алайда ресми ақпарат тек Қорғаныс министрлігінен келді.
Министрлік мәлімдемесінде былай делінген:
“Қазақстан аумағында әуе кеңістігінің бұзылу фактілері тіркелген жоқ. Жағдай тиісті қызметтердің бақылауында. Халыққа қауіп төніп тұрған жоқ. Бұл құбылыс атмосфераға кірген ғарыш аппараттарының сынықтарына немесе метеориттік ағынға ұқсайды. Әдетте мұндай нысандар тығыз атмосфера қабаттарында жанып кетеді де, жерге жетпейді. Азаматтарды сабыр сақтап, расталмаған ақпарат таратпауға шақырамыз. Құзырлы органдар бұл құбылысты зерттеп жатыр және қосымша түсініктеме береді.”
Қазіргі уақытта нысанның нақты қай елге немесе қандай ғарыштық құрылғыға тиесілі екені анықталған жоқ. Бірақ мамандардың алдын ала болжамы бойынша, бұл — табиғи ғарыштық құбылыс немесе ғарыш техникасының қалдықтары.
Оқиғаға байланысты ресми органдардан қосымша ақпараттар беріліп отырады.
Материал авторы