Илон Маск: «Трамптың атышулы Эпштейн қылмысына қатысы бар»
Джеффри Эпштейн – кәмелетке толмаған қыздарды зорлап, оларды саудалағаны үшін істі болған миллиардер еді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Илон Маск АҚШ билігі Эпштейн ісіне қатысты құжаттарды толық жарияламауының себебі – онда президент Дональд Трамптың аты аталуында екенін мәлімдеді.
«Нағыз үлкен бомбаны тастайтын кез келді – Трамп Эпштейн файлдарында аталған. Құжаттардың жарияланбауының басты себебі – осы», – деп жазды Маск X әлеуметтік желісінде (бұрынғы Twitter).
Илон Маск бұл мәлімдемесін «Жақсы күн болсын, DJT!» деген тілекпен аяқтаған. Бірақ ол бұл сөздерінің дәлелін келтірмеген және бұл файлдардың қолына қалай түскенін де айтпаған.
Айта кетейік, миллиардер Джеффри Эпштейнге кәмелетке толмағандармен жыныстық қатынасқа түсу және жезөкшелікпен айналысу үшін адам саудасын ұйымдастырды деген айып тағылған болатын. Ол 2019 жылдың шілдесінде қамауға алынды. Тергеу органдары 2002–2005 жылдары ол Манхэттендегі үйіне ондаған жас қыздарды шақырып отырғанын мәлімдеген. 2019 жылғы 10 тамызда Эпштейн абақтыда өз-өзіне қол жұмсап, қылмыстық іс тоқтатылды.
Илон Маск Трамптың кеңесшісі болған, тіпті жақында ғана құрылған Үкімет тиімділігі департаментін (DOGE) басқарған. Бірақ өткен аптада ол бұл қызметінен кеткен. DOGE-нің мақсаты – үкімет шығындарын азайту болған, соның нәтижесінде мыңдаған мемлекеттік қызметкердің жұмысы қысқарған.
Қызметінен кеткен соң Маск Трамптың салық пен шығынды қысқарту туралы жаңа заң жобасын сынап, оны «жиіркенішті сұмдық» деп атаған.
Ал Трамп өз кезегінде Truth Social желісінде Маскқа өз еркімен кетуді ұсынғанын айтып, «ол шегіне жеткен еді, кәдімгі псих» деп мәлімдеген.
Материал авторы