Депутат киік мүйізін сақтап, сатқан адамдардың жазасы жеңілдеуі мүмкін екенін айтты
Абзал Құспан рақымшылыққа ілігетін адамдар қатарында киік ату, заңсыз балық аулау сынды экологиялық қылмыстар үшін сотталғандар болатынын айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мәжілісте Конституцияның 30 жылдығына орай рақымшылық жариялауды көздейтін заң жобасы талқыланды. Онда киік ату, заңсыз балық аулау сынды экологиялық қылмыстар үшін сотталғандарға қатысты бірқатар жеңілдік қарастырылып жатыр.
Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиевтің айтуынша, рақымшылық тек бас бостандығынан айыру жазасына қатысты, ал келтірілген материалдық шығын – яғни экологиялық залал – толық өтелуі тиіс.
— Экологиялық залал келтіргендер жазадан босаса да, мемлекетке келген шығынды өтеуге міндетті, – деді ол.
Депутат Абзал Құспанның сөзінше, 2019 жылдан бері экологиялық қылмыс үшін 800-ге жуық адам сотталған, олардың 180-і қазір түрмеде отыр.
— Жақында қабылданған қылмыстық заңнаманы оңтайландыру аясында Қылмыстық кодекстің 339-бабына өзгеріс енгізілді. Бұл өзгеріс қару ұстап, киік атпаған, бірақ оның мүйізін жинап, сақтауға немесе сатуға қатысқан адамдарға қатысты. Яғни, олар экологиялық залалды өтесе, жазасы жеңілдеуі мүмкін. Бұл ереже бұрын сотталғандарға да қолданылады, – деді Құспан.
Заң жобасы қазір Сенаттың қарауында. Егер қабылданып, мемлекет басшысы қол қойса, бұл жеңілдік 339-баптың 1-қосымшасына сәйкес күшіне енеді.
Материал авторы