SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алдараспан театрының жетекшісі, әзілкеш Нұржан Төлендиев пен актер Бауыржан Тәңірберген Қызық Times бағдарламасының қонағы болды. Олар театрдың 15 жылдық мерейтойына орай шығармашылық жоспарларымен бөлісті.
Бағдарлама барысында Нұржан Төлендиев отбасындағы жағымды жаңалықты да көпшілікпен бөлісті. Әзілкеш жақында екінші мәрте ата атанған. Қызы бұрын немере сыйласа, жақында ұлы да отбасын құрып, немерелі еткен екен.
«Құдайға шүкір, екінші рет ата болдым. Қызымнан немере сүйгем, енді ұлым да үйленіп, тағы немерелі болдым. Сүйінші!» – деді актер.
Сонымен қатар, Нұржан Төлендиев киноға түсу туралы да ойын айтты. Айтуынша, әзірге ұсынылған сценарийлер көңілінен шыға қоймаған.
«Киноға түскім келеді, бірақ өзім әлі дайын емеспін. Ең қиыны – рөлдің штампы. Бір образ екіншіге ұқсап кетуі мүмкін. Қазақ киносы қарқынды дамып жатыр, соған қуанамын. Апта сайын жаңа фильмдер шығады. Бірақ өзіме ұнайтын, басталуы мен аяқталуы мықты, мағынасы терең сценарий керек», – деді әзілкеш.
Алдараспан театрының актерлері алдағы уақытта үлкен концерттік тур мен жаңа жобаларды қолға алмақ. Театрдың 15 жылдығына арналған арнайы кеш те жоспарланып жатыр.