SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысында көзі көрмейтін мүгедек әйел өз келінінің алаяқтығының құрбаны болды. Мойынқұм аудандық сотының мәліметінше, алаяқтық фактісі бойынша әйел адамға қатысты үкім шығарылып, жаза тағайындалды.
Сот дерегіне сүйенсек, 2025 жылдың наурыз айында келіні көру қабілетінен толық айырылған, бірінші топтағы мүгедек енесіне «ЭЦҚ ашып беремін» деп алдап, оның ұялы телефонын иеленіп, электрондық қолтаңбасын заңсыз пайдаланған. Осы арқылы ол енесінің атынан бірнеше онлайн несие рәсімдеген.
Осы әрекетінің нәтижесінде мүгедек анаға 514 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген. Қарыз бірнеше қаржы ұйымында рәсімделген. Несие алынып болған соң, келіні Алматы қаласына кетіп, байланыссыз қалған.
Жәбірленуші тараптың шағымынан кейін іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілген. Сот процесі барысында келіні өз кінәсін толық мойындап, іс бойынша ұсынылған дәлелдемелерге қарсылық білдірмеген. Сонымен қатар, сотқа жәбірленушімен татуласқанын айтып, жазаны жеңілдетуді сұраған.
Мойынқұм аудандық сотының үкімімен ол ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы, 1-бөлігі («Алаяқтық») бойынша кінәлі деп танылып, 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.
— Үкім заңды күшіне енді, — деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Аталған оқиға мүгедек жандардың құқықтары мен жеке деректерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетіп отыр. Сонымен қатар, жақын туыстар арасындағы сенімді теріс пайдаланудың қоғамда қандай салдарға алып келетінін де ескерту ретінде бағалауға болады.