SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әнші Сәкен Майғазиевтің ұлы Әділет пен келіні Әдия бір жыл бұрын Ақтау қаласында танысқан. Бұл туралы олар журналист Анна Данченкоға берген сұхбатында айтты.
Әділеттің айтуынша, ол болашақ жарын алғаш рет досының кофеханасында көрген.
«Берекет деген досым Ақтаудан кофейня ашты. Ол — Әдияның ағасы. Сол жерге барғанымда алғаш рет көріп, ғашық болдым. Бірақ бірден барып сөйлесе алмадым, ұялдым. Біраз уақыт өткен соң Берекет үйленді. Тойда Әдиямен қайта жолығып, танысуды шештім. Той алдындағы жиында оның аяқ киімін алып бердім, бірақ бетіне тік қарауға ұялдым. Кейін тойда әңгіме бастауға мүмкіндік туды», — деді Әділет.
Келіні Әдия да сол кездесуден кейін-ақ жігітке қызыға бастағанын жасырмады.
«Тойдан кейін жастар үйге жиналдық. Сол кезде Әділеттің қасына отырып қалдым. Ол қамқорлық танытып, тамағымды салып, сусынымды құйып берді. Сол сәтте қатты ұнап қалды», — деді Әдия.
Қазіргі таңда Әділет отбасылық бизнеспен айналысады, ал келіні әзірге жұмыс істемейді. Ол Ақтаудағы колледжде қонақ үй бизнесі бойынша білім алған. Әділет Алматыдағы Сүлеймен Демирел колледжін және КИМЭП университетін қаржы мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еске салсақ, жуырда Сәкен Майғазиев ұлына Алматыда дүркіретіп үйлену тойын жасаған еді. Онлайн тойға 8 мыңнан астам адам қосылған.