SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Берлинде өтіп жатқан WTA 500 турнирінде Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина жарысты сәтті бастады. 17 маусымда 26 жасқа толған теннисші туған күнін жеңіспен атап өтті.
Рыбакина алғашқы айналымда америкалық Эшлин Крюгерді (WTA №33) 6:3, 7:6 есебімен ұтты. Айта кетейік, бұл кездесу бастапқыда Қытайдың төртінші ракеткасы Чжэн Циньвэньге қарсы өтуі тиіс болған. Алайда қытайлық спортшы турнирден бас тартып, орнына "лаки-лузер" Крюгер шықты.
Елена үшін бұл жеңіс – реванш іспетті: биыл көктемде Майамиде Крюгер күтпеген сенсация жасап, оны үш сетте ұтып кеткен еді.
Келесі кезеңде Рыбакина чехиялық Катерина Синяковамен (WTA №74) кездеседі. Синякова – жұптық сында әлемнің №1 ракеткасы.
Берлин турнирінің жалпы жүлде қоры – 925 661 еуро. Жеңімпазға 142 610 еуро мен 500 рейтингтік ұпай беріледі.