SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтауда өтіп жатқан Каспий маңы елдері эндохирургтерінің ІІ пәнаралық конгресіаясында шетелдік мамандар үш балаға күрделі лапароскопиялық және торакоскопиялық оталар жасады.
Маңғыстау облыстық балалар ауруханасында өткен алғашқы шеберлік сабағын Ресей Федерациясының медицина ғылымдарының докторы, балалар хирургиясы кафедрасының меңгерушісі Юрий Соколов өткізді. Оның жетекшілігімен келесі диагнозы бар үш балаға ота жасалды:
Кеудеаралық ганглионеврома
Оң жақ өкпенің кистасы
Бауыр мен ішек шажырқайындағы эхинококк кистасы
Аурухана директоры Гүлжан Ермекбаеваның айтуынша, барлық оталар сәтті өткен.
"Балалардың жағдайы тұрақты, олар наркоздан оянып жатыр", – деді Гүлжан Ермекбаева.
Бұл шеберлік сабағын Маңғыстау дәрігерлерімен қатар Астана, Ақтөбе, Семей және Өскемен қалаларынан келген хирургтер онлайн трансляция арқылы бақылап, тәжірибе алмасты.
Конгресте Қытай, Моңғолия, Ресей, Әзербайжан және Түркиядан келген білікті хирургтер түрлі салалар бойынша ота жасап, заманауи әдістерді таныстыруда.
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас хирургі Талғат Мұқантаев бұл шараның маңызын атап өтті:
"Шеберлік сағаты – эндохирургиядағы заманауи тәсілдерді үйренуге, халықаралық тәжірибе алмасуға және Каспий маңы мен түркітілдес елдер арасындағы медициналық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған", - дейді Талғат Мұқантаев.
Алдағы күндері конгресс аясында гинекология, урология және бариатрия бағыттары бойынша да ота жасау жоспарланған.