SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан түрмесінде сотталушы Starlink орнатып, интернет арқылы есірткі саудасын басқарған.
Қазақстанда сотталған азамат колония аумағына заңсыз түрде Starlink спутниктік интернетін орнатып, интернет арқылы есірткі бизнесін ұйымдастырған. Бұл ақпаратты Ішкі істер министрінің орынбасары, Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Абай Қайырбеков растады.
«Қазір аталған факті бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Жауапты лауазымды тұлғаларға қатысты қатаң тәртіптік шаралар қолданылды. Мекеме мен департаменттің басшылары қызметінен босатылды. Сонымен қатар, кінәлі ішкі істер органдары қызметкерлері жұмыстан шығарылды», — деді комитет төрағасы.
Министрлік мәліметінше, колония басшысының орынбасары мен жедел режимдік бөлім қызметкерлері де лауазымынан кеткен.
Бұған дейін әлеуметтік желі мен БАҚ беттерінде сотталушының түрме аумағына Starlink құрылғысын орнатып алғаны, сол арқылы интернетке қосылып, заңсыз есірткі саудасын онлайн түрде басқарғаны туралы ақпарат тараған еді.
Қазіргі уақытта бұл іске қатысты тергеу жалғасып жатыр, ал комитет өкілдері барлық мән-жайды анықтауға уәде беріп отыр.