SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев Kazinform агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкастында прокуратура органдарының қоғаммен байланысын нығайту бағытында қолға алынған жаңа тәсілдер туралы айтып берді.
Оның айтуынша, қазіргі прокуратура қызметі қатаң жазалаушы құрылым ретінде ғана емес, азаматтардың құқықтарын қорғауға және әділеттілікті қалпына келтіруге бағытталған сенімді институт ретінде жұмыс істеп жатыр.
«Біз азаматтармен байланысты күшейтуге тырысамыз. Мысалы, 5 жылдан астам уақыттан бері қызмет етіп келе жатқан азаматтарды қабылдау орталығы бар. Ондай орталықтар Бас прокуратурада да, барлық өңірлерде де жұмыс істейді. Олар азаматтарға құқықтық көмек көрсетіп, өтініштерді қабылдайды», – деді Жандос Өмірәлиев.
Сонымен қатар, оның айтуынша, қазіргі кезде прокуратура қоғамдағы өзекті мәселелерге реактивті емес, проактивті тәсілмен жауап беріп жатыр.
«Біз тек шағымды күтіп отырмаймыз. Кәсіпорындарға барып, жұмысшылармен кездесеміз. Жалақының уақытылы төленуі, еңбек қауіпсіздігі секілді мәселелерді қараймыз. Сонымен қатар қарттар үйлері мен балалар мекемелеріне де барамыз. Балалар үйлеріне кейде кешкі немесе түнгі уақытта сырттай бақылау жүргіземіз. Бұл – тәрбиеленушілердің құқықтарының сақталуын нақтылау үшін қажет шара», – деп атап өтті Бас прокурордың орынбасары.
Ол сондай-ақ прокуратура органдары азаматтардың арыз-шағымдарын қабылдауға арналған Call-орталықтар мен әлеуметтік желідегі ресми парақшалар арқылы да кері байланыс жүйесін жолға қойғанын атап өтті. Осы арналар арқылы кез келген азамат тікелей Бас Прокурордың атына өтініш жолдай алады.