SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астана қаласының соты кәсіпкердің бұқаралық ақпарат құралын сотқа берген ісін қарады. Істе бизнесмен өзінің бейнесін заңсыз пайдаланғаны, беделін түсіргені үшін өтемақы өндіруді талап еткен.
2024 жылдың шілдесінде онлайн басылым кәсіпкер туралы материал жариялап, оны белгілі акционерлік қоғамның директорлар кеңесінің төрағасы және сол компанияның иесі ретінде таныстырған. Мақалада кәсіпкердің суреті ақшаның және зәулім сарайдың фонында жарияланған. Бұл материал Instagram желісінде де тараған.
Талапкер өз суретінің рұқсатсыз пайдаланылғанын, бұл әрекет оған моральдық зиян келтіріп, іскерлік беделіне нұқсан тигізгенін айтып, соттан залал мен моральдық өтемақы өндіріп беруді сұрады. Айтуынша, жарияланымнан кейін бірқатар серіктестері келісімшартты бұзған.
Алайда сот талапты қанағаттандырудан бас тартты. Соттың түсіндіруінше, сурет азаматтың рұқсатынсыз тек заңда көрсетілген ерекше жағдайларда ғана жариялана алады. Бұл жағдайда кәсіпкердің бейнесі бұған дейін көпшілікке қолжетімді ашық көздерде жарияланған, әрі ол бұрынғы Парламент депутаты ретінде қоғамдық қызметпен айналысқан тұлға болған.
Сот қандай шешім қабылдады?
– Сурет бұқаралық іс-шарада түсірілген
– Жарияланған фотосурет ашық дереккөзден алынған
– Тұлғаның бейнесі оның бұрынғы қоғамдық қызметімен байланысты
– Заң бойынша мұндай жағдайда рұқсат талап етілмейді.
Сот БАҚ-тың заң шеңберінде әрекет еткенін айтып, зиянды өтеуден де, моральдық өтемақыдан да бас тартты.
Сот шешімі өз күшіне енді.