SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, ақпарат кеңістігінде еңбек етіп жүрген бірқатар журналист пен медиа мамандарға ел Президентінің атынан пәтер сертификаттары табысталды. Бұл шара бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылды. Тұрғын үйге арналған сертификаттарды «Дара» Президенттік бастамалар қоры ұсынды.
Медиа саласының қызметкерлеріне баспана беру – әлеуметтік қолдау шараларының бірі. Бұл бастама ел ішіндегі тұрақтылық пен кәсіби мамандардың еңбегін бағалауға бағытталған кешенді саясаттың құрамдас бөлігі ретінде жүзеге асырылып отыр.
Салтанатты рәсім кезінде Мемлекет басшысының кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Руслан Желдібай БАҚ өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтап, бұл бастаманың мәнін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен биыл үшінші жыл қатарынан журналистерге пәтер беру шарасы ұйымдастырылып отыр. Бұл – Президенттің отандық медиа қызметкерлеріне деген үлкен қолдауы. Биыл пәтерлер тек журналистерге ғана емес, режиссерлерге, операторларға, корректорларға және отандық медианың өзге де мамандарына беріледі. Сонымен қатар біз әлеуметтік осал топтарға ерекше назар аудардық: пәтер иелерінің қатарында көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар да бар. Әріптестеріміздің жетістіктеріне қуаныштымыз. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын», – деді Желдібай.
Пәтерлерге ие болғандар арасында еліміздегі жетекші медиа ұйымдардың – «Qazaqstan» РТРК, «Хабар» Агенттігі, «Qazcontent», «Қазақ газеттері», «Евразия+ОРТ», «Atameken Business», Tengrinews және өзге де редакциялардың қызметкерлері бар.
Жаңа қонысқа ие болғандар қатарына дубляж редакторлары, эфир операторлары, телережиссерлер, дыбыс инженері мен корректор секілді өз ісінің мамандары енді. Олар – күн сайын қоғамға сапалы ақпарат таратуға үлес қосып жүрген жандар.
«Дара» қорының басшысы Мұхамедқали Тауанның айтуынша, бұл жоба – тек тұрғын үймен қамту емес, сонымен қатар азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам.
«Мемлекет басшысының БАҚ өкілдерін баспанамен қамтамасыз ету бастамасын «Дара» қоры сәтті жүзеге асырып келеді», – деді Тауан.
Айта кетейік, 2023 жылы 65 адамға, 2024 жылы – 68 медиа қызметкерге пәтер берілсе, биыл бұл мүмкіндікке 66 сала маманы ие болды.