SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысында оқушы қаза тапқан мектептің директоры қызметіне қайта оралып, 9 млн теңге өтемақы алды.
Жамбыл облысы Байзақ ауданының Құмжота ауылында орын алған даулы оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Әжетханада жоғарғы сынып оқушыларының соққысына жығылып, көз жұмған 14 жастағы оқушы Мирастың өлімінен кейін қызметінен шеттетілген мектеп директоры Қанатбек Байтен қайтадан лауазымына оралып, бюджеттен 9 миллион теңге өтемақы өндіріп алды.
Оқиға 2024 жылдың 30 сәуірінде орын алған. Жоғары сыныптағы бірнеше оқушы кіші сынып оқушыларын даладағы әжетханаға шақырып, сол жерде жанжал ұйымдастырған. Сегізінші сынып оқушысы Мирас кеуде тұсынан ауыр соққы алып, сол жерде көз жұмған.
Қайғылы оқиға бойынша үш жасөспірім айыпталды. Сот үкімімен олардың екеуі 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылса, үшінші қатысушыға бар болғаны 1 жылға бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Сот шешіміне сәйкес, марқұмның ата-анасына моральдық өтемақы ретінде екі айыпталушының заңды өкілдерінен жалпы 11 миллион теңге өндірілді. Дегенмен, оқушының анасы Раушан Құдасова сот үкімімен келіспейтінін мәлімдеді.
"Олар менің ұлымды ұрып өлтірді. 14 жаста еді, өмірі алда болатын. Біреуіне неге тек бір жыл шектеу жазасы берілді? Бұл әділетсіздік. Біз апелляция бердік, жазаны күшейтуді талап етеміз", – деді марқұмның анасы.
Қайғылы оқиғадан соң мектеп директоры Қанатбек Байтен қызметінен шеттетілген болатын. Алайда ол бұл шешіммен келіспей, сотқа жүгінді. Нәтижесінде, сот Байтеннің пайдасына шешім шығарып, оны қайта жұмысқа алу және білім бөлімінен 9 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеу туралы қаулы етті.
Мектеп директорының қызметіне қайта тағайындалып, қомақты өтемақы алғаны әлеуметтік желілер мен жұртшылық арасында үлкен наразылық тудырды. Қайғылы оқиғадан кейін бұл шешім көпшілік тарапынан сынға ұшырап отыр.