«Баланың құлағын жұлып алған»: Алматы маңында қабаған иттер 10 жасар баланы талап тастады
Бала ауыр хәлде жансақтау бөлімінде жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысына қарасты Жалпақсай ауылында 30 маусым күні қабаған иттер 10 жасар балаға шабуыл жасап, ауыр жарақаттады. Қазір зардап шеккен бала жансақтау бөлімінде, ал оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, питбуль тұқымды және екі «қасқыр ит» жекеменшік үйдің ауласынан шығып кеткен. Иттер футбол алаңында ойнап жүрген балаларға тап берген. Балалардың көбі қашып үлгергенімен, Максим есімді бала қашып үлгермей, иттердің құрбанына айналды.
"Иттер баланың құлағын жұлып, санын тістеп, басынан бірнеше рет қауып алған. Қазір баланың жағдайы өте ауыр", – дейді оқиға куәгерлері.
Куәгерлердің айтуынша, екі ер адамның батыл әрекеті баланың өмірін сақтап қалуға себеп болған. Олардың бірі питбульді атып өлтіріп, иттердің шабуылын тоқтатып, баланы ажалдан арашалап қалған.
Алматы облыстық Полиция департаменті оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің «Абайсызда ауыр дене жарақатын келтіру» бабымен сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Қазір оқиғаның куәгерлері тергеліп жатыр, сондай-ақ кешенді сараптамалар тағайындалған.
"Оқиғаның мән-жайы жан-жақты зерттеліп жатыр. Сонымен қатар, жануарларды ұстауға жауапты тұлғалардың әрекетіне де құқықтық баға беріледі. Барлық кінәлілер заң аясында жауапқа тартылады", – делінген полиция хабарламасында.
Тұрғындар иттердің иелері жауапкершіліктен жалтарып, кінәсін мойындаудан бас тартып отырғанын айтады. Қоғам наразылығы күшейіп, ауыл тұрғындары қауіпсіздікке қатысты нақты шара қабылдауды талап етуде.
Материал авторы