SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 2024 жылы Германияда қаза тапқан бұрынғы судья Айгүл Сайлыбаеваның туыстары істі қайта тергеуді талап етіп, халықаралық қауымдастық пен құзырлы органдардан көмек сұрады. Бұл туралы Justice_for_Aigul бастамашыл тобы жеткізді.
Айгүл Сайлыбаева былтыр шілде айында Германияда белгісіз жағдайда көз жұмды. Оның денесі қатігездік белгілерімен табылған. Неміс құқық қорғау органдары тергеу бастаса да, іс кейіннен тоқтатылып, күдіктілер әлі анықталған жоқ.
Марқұмның туыстарының айтуынша, Айгүлдің өлімі ол бірге тұрған азаматтық жұбайы Александр Донцов пен оның анасы Наталья Донцованың үйінде болған. Наталья Донцова — Германия және Ресей азаматтығына ие, Қазақстанда туған. Қазіргі таңда ол Еуропалық іздеу базасында болғанымен, Германия да, Ресей де оны ұстап не экстрадиция жасап жатқан жоқ. Донцованың Ресейде жасырынып жүруі мүмкін екені айтылуда.
Айгүл Сайлыбаева — заң саласына өмірін арнаған тұлға. Ол Қазақстанда судья болып қызмет атқарып, кейін отбасылық жағдайына байланысты қызметінен кетіп, Германияға қоныс аударған. Ол — бір қыздың анасы. Туыстарының айтуынша, Айгүлдің өмірі отбасылық зорлық-зомбылыққа ұласқан. 2024 жылы ол аяғы ауыр күйінде қаза тапты.
Марқұмның туыстарының айтуынша, Айгүлдің қайтыс болуынан кейін Александр Донцов қызы Жаклинді Ресейге алып кеткен және Сайлыбаевтар отбасымен байланысты толық үзген. Қыздың қазіргі мекенжайы белгісіз. Соңғы бір жылдан бері туыстары Жаклинді көрмеген және ешбір мемлекеттік органнан нақты жауап ала алмаған. Тіпті, қызы АҚШ-қа апарылуы мүмкін деген күдік бар.
Осыған байланысты Сайлыбаеваның туыстары мынадай талап қойып отыр:
Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты қылмыстық істі қайта жандандыру;
Наталья Донцованың қайда екенін анықтап, оны тергеуге алу;
Қазақстандағы нағашыларының немересі Жаклинмен байланысу құқығын қамтамасыз ету.
Марқұмның туыстары Айгүлдің өліміне қатысы бар болуы мүмкін тұлғалар туралы қандай да бір ақпараты бар адамдардан немесе құқық қорғау ұйымдарынан көмек сұрайды.
“Наталья мен Александр, егер кінәсіз екендеріңізге сенімді болсаңыздар — жасырынбаңыздар. Бізбен байланысқа шығыңыздар. Жаклин — Айгүлден қалған жалғыз аманат. Оны бізден айырмаңыздар”, – дейді марқұмның ата-анасы.
Айта кетейік, Айгүл Сайлыбаева күйеуімен бірге 2020 жылы Германияға көшіп кеткен. 2024 жылдың 3 маусымында онымен соңғы рет Берлин уақытымен 10:35-те байланыс болған. 4 маусымда ол үйден белгісіз бағытта шығып кеткені хабарланды. Айгүлдің інісі оның күйеуі мен енесінен тұрмыстық зорлық көрген болуы мүмкін деп болжайды.