SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 30 маусым күні әлеуметтік желілерде Екібастұз қаласындағы ойын алаңында түсірілген бейнежазба тарады. Онда бір әйелдің кәмелетке толмаған балаға айғайлап, балағат сөздер айтып, қол көтеріп жатқаны анық көрінеді.
Видео кадрларынан баланың қорқып жылағаны естілсе, әйелдің:
«Тағы бір қайталасаң – тамағыңды кесемін, қазір тұншықтырамын» деген сөздері көпшіліктің ашуын туғызды.
Оқиғаға қатысты Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Бибігүл Иманғалиева түсініктеме беріп, бұл факті бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтар тіркелгенін хабарлады. Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты тергеу амалдары жүріп жатыр.
Павлодар облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, баланың дене жарақаты алған-алмағанын анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалған. Оның нәтижесіне сәйкес іс бойынша процессуалдық шешім қабылданады.
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл оқиғаға бейжай қарамауға шақырып, жауапты органдардан әділ шешім күтетінін жазып жатыр.