«Африкаңа қайт!»: Маск пен Трамп қайтадан ұрысып жатыр
Маск саяси партия құрамын деп қорқытты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ Сенаты Дональд Трамптың салықты азайтып, бюджет шығынын ұлғайтуды көздейтін заң жобасы бойынша марафондық дауыс беру өткізіп жатыр. Бұл заңға қатысты пікірталас тек партиялар арасында емес, Республикалық партия ішінде де қызу жүріп жатыр. Әсіресе әлеуметтік қолдау бағдарламаларын қысқарту мен салық жеңілдіктерін кеңейту арасында тепе-теңдік табу қиынға соғып тұр.
Осы заң жобасына байланысты Илон Маск пен Дональд Трамптың арасындағы текетірес қайта жанданды. Маск өзінің X желісіндегі парақшасында бұл «ақылға қонымсыз» заң жобасы қабылданатын болса, жаңа саяси партия – «America» партиясын құратынын мәлімдеді.
Трамп бұған өзінің Truth Social платформасында жауап берді. Ол Маскты салық төлеушілердің есебінен күн көріп отырған адам ретінде сипаттап, былай деді:
«Электромобильдер жақсы, бірақ оларды бәріне міндеттеудің қажеті жоқ. Илон үкіметтен бұрын-соңды болмаған субсидия алды. Егер солар болмаса, баяғыда-ақ бизнесін жауып, Оңтүстік Африкаға қайта кетер еді. Ракеталар да жоқ, Tesla да жоқ – елдің ақшасы үнемделер еді».
Ол тіпті үкіметтің тиімділік департаменті – DOGE арқылы Масктың бұрынғы лауазымын еске салып, «қатаң шаралар» қолдануды меңзеді.
Маск бұған дейін де Трамптың бастамаларын ашық сынап, бұл заң жобасын «жиіркенішті масқара» деп атаған болатын. Жуырда екеуінің әлеуметтік желідегі айтысы тіпті жеке тұлғаға тиісуге дейін барған. Кейін Маск «кейбір жазбаларым шектен шығып кетті» деп кешірім сұрады, ал Трамп «өте сыпайы қадам» деп жауап берген.
Материал авторы