SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әлеуметтік желілерде тараған видеода Алматы халықаралық әуежайының аумағында жүргізуші әйел полицейді көліктің капотына іліп алып, бірнеше метр сүйреп кеткені көрінеді.
Бұл жағдай түнгі уақытта патруль кезінде болған. Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшысы көлікті жол ережесін бұзғаны үшін тоқтатқан. Алайда жүргізуші құжат көрсетуден бас тартып, агрессия танытып, оқиға орнынан қашуға тырысқан. Полицей көлікті тоқтатпақ болғанда капотқа жабысып қалған, ал жүргізуші оны бірнеше метрге дейін сүйреп апарған.
Аталған жағдай бойынша жүргізуші ҚР заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған 30 АЕК (117 960 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Полиция бұл әрекетті «қызметтік міндетін атқарып жатқан полицейдің заңды талабына бағынбау ғана емес, қоғамдық қауіпсіздікке төнген нақты қауіп» деп бағалады. Тәртіп сақшылары азаматтарды құқық қорғау органдарына құрметпен қарап, мұндай оқиғаларға жол бермеуге шақырды.