«Путин соғысты аяқтағысы келмейді»: Трамп пен Путин телефон арқылы сөйлесті
Путин Трамппен 1 сағат бойы сөйлесіп отырғанда, Украинада жарылыстар боп жатты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ пен Ресей президенттері Дональд Трамп пен Владимир Путин бейсенбі күні телефон арқылы сөйлесті. Кремльдің хабарлауынша, әңгіме бір сағаттан астам уақытқа созылған.
Путин келіссөздерге дайын екенін айтты, бірақ "мақсаттарынан" бас тарта алмайды
Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың мәліметінше, бұл — іскерлік және нақты сипаттағы әңгіме болған. Путин Украинамен келіссөздерді жалғастыруға дайын екенін жеткізгенімен, Ресей өз мақсаттарынан бас тартпайтынын айтқан.
— Бұл келіссөздер Украинадағы жағдайдың түпкі себептерін жоюмен байланысты болуы тиіс, – деді Ушаков.
Оның айтуынша, АҚШ-тың Украинаға қару жеткізуін тоқтату мәселесі қозғалған жоқ, Стамбулда өтуі мүмкін үшінші келіссөз раунды да талқыланбаған.
Энергетика мен ғарыштағы ынтымақтастық сөз болды
Тараптар энергетика мен ғарышты зерттеу саласындағы бірқатар экономикалық жобаларды талқылаған. Ушаковтың айтуынша, екі ел бұл бағытта ынтымақтасуға мүдделі екенін растаған.
Таяу Шығыс пен Иран да назарда болды
Әңгіме барысында Иран мен Таяу Шығыстағы ахуал да сөз болғанымен, егжей-тегжейі айтылмады.
Зеленский: "Шынайы келісім үшін Путинмен тікелей кездесу қажет"
Украина президенті Владимир Зеленский Даниядағы кездесу барысында пікір білдіріп, Путин мен Трамптың Украина бойынша көп ортақ ұстанымы жоқ деген күмәнін жеткізді.
— Бірақ біз Трамп ұсынған оқ атуды тоқтату бастамасын бірден қолдадық, – деді Зеленский.
Ол сондай-ақ Путинмен тікелей кездесу қажет екенін айтып, Трамппен де жақын күндері сөйлесуге ниетті екенін жеткізді.
АҚШ пен Украина дрон өндірісіне кірісті
Сол күні Зеленский АҚШ пен Украина арасында бірлескен дрон өндірісі туралы келісім жасалғанын мәлімдеді. Жоспар бойынша, 2025 жылы жүздеген мың дрон шығару көзделіп отыр, басты мақсат — дрон-перехватчиктерді көбейту.
Путин мен Трамп сөйлескен күні Украинада жарылыстар болды
Президенттердің әңгімесімен қатар, Ресей күштері Полтава мен Одесса қалаларына шабуыл жасады:
Полтавада дрон соққысынан 2 адам қаза тауып, 59 адам жараланды.
Одессада зымыран соққысынан порттағы нысандар мен шетелдік кемеге зақым келді, 2 адам қаза тауып, Сирия азаматтары жараланды.
Вице-премьер Алексей Кулеба бұл шабуылдарды Украинамен байланысты әлемдік инфрақұрылымға жасалған жоспарлы соққы деп бағалады.
Материал авторы