SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, продюсер Баян Алагөзова әнші Меруерт Түсіпбаеваның өзіне қатысты сынына Instagram желісінде жауап қайырды. Бұл екеуінің арасындағы дау әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.
Меруерт Түсіпбаева өзінің видеоүндеуінде Баян Алагөзованы қатты сынап, оның қазақ тіліне жетік емес екенін айтып, қазақ киноөнерінде шедевр жасау деңгейіне жетпегенін мәлімдеген.
«Баян Алагөзова кино түсіреді – тракторшылар жайлы, сиырлар жайлы. Бірақ продюсер, егер қазақ тілін жетік білмесе, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» секілді фильмдерге жоламауы керек. Мұны Баян ханым мойындауы тиіс», – деді Түсіпбаева.
Алайда әншінің бұл мәлімдемесі желі қолданушылары арасында сынға ұшырады. Әсіресе оның «эпос» пен «этнос» сөздерінің мағынасын шатастыруы желідегілердің назарынан тыс қалмады.
Бұған жауап ретінде Баян Алагөзова Instagram сторисінде қысқа ғана жазба қалдырды:
«Адам қаншалықты дарынсыз болса, соншалықты талабы көп», – деп жазды продюсер.
Аталған жайтқа қатысты Меруерт Түсіпбаева Facebook парақшасында түсініктеме берді. Әншінің айтуынша, оның Баян Алагөзоваға сын айтқан видеосы – 5-6 жыл бұрынғы сұхбаттан алынған үзінді ғана.
«Кешеден бері хабарласып жатқандарға түсініктеме!! Халқым! Бұл — ескі видео. 5-6 жыл бұрын Баян продюсер болған Ұлттық арнадағы «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сериалын көрерменнің талабымен көрсетілімнен алып тастаған, кемшіліктері анық байқалған. (Бұл — сол кезде айтылған пікір).
Енді сол видеоны керекті жерін қиып алып, кейбір адамдар контент жасап, оқырман жинап отыр. Бұны жасап отырған кім?! Менің де статистикам көтерілді... Аман болыңдар!
Негізі маған қарсы инфошабуыл жүріп жатыр!» – деп жазды әнші.
Бұл пікірталас шоу-бизнес өкілдері мен оқырмандар арасында қызу талқыланып жатыр. Көпшілік екі тараптың да сөзін таразыға салып, өз пікірін білдіруде.