SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, ауыр атлетикадан әлем чемпионатының жүлдегері Алмас Өтешов ішімдіктен толықтай бас тартып, өмірінде үлкен өзгеріс жасағанын мәлімдеді. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Бұл суретті салмас бұрын біраз ойландым» дейді спортшы. Оның айтуынша, жариялаған жазбасынан өзі пайда көрмесе де, өзгеге ой салар деп үміттенген.
«Кей адамдар күйік пен қайғының шығар жолын ащы сумен шатастырып, тағдырын тәлкекке салып жатады. Ұғынған жанға, қиындықты жеңіп, құтылудың жалғыз ақиқат жолы — сабыр мен иман ғана», – деп жазады Алмас.
Өз сөзінде ол ішімдікті тастауына не себеп болғанын да ашық баяндаған. Өтешов бұл шешімді көпшілік алдында, Құран атымен ант беріп, қабылдаған.
«Нұрсейіт Жылқышыбайдың YouTube-арнасындағы “Уақыт көрсетеді” бағдарламасына сұхбат бергенімде, осы күннен бастап ішімдік ішпеймін деп уәде еттім. Сол сәт — бәрінің басы болды», – дейді спортшы.
Ол Абай Құнанбайұлының «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен қайратың екі жақтап» деген сөзін мысалға келтіріп, ішімдіктен арылуына өз ерік-жігері мен санасының ықпалы ерекше болғанын атап өтті.
Сондай-ақ, Алмас Өтешов рухани және кәсіби тұрғыда қолдау көрсеткен жандарға ризашылығын білдірді. Олардың қатарында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, облыстық спорт басқармасының басшысы Бақтияр Артаев, Олимпиада жүлдегері Дәулет Тұрлыханов пен досы Илья Ильин және өзге де азаматтар бар.
Спортшының айтуынша, қазір ол туған жерінде еңбек етіп, өмірін жаңа арнаға бұрған.
«Мұз айдыны» мекемесінде алғаш жұмыс бастадым. Жанымда тілекші болған барша халқыма шын жүректен алғыс айтамын», – деп түйіндеді жазбасын Алмас Өтешов.