SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысының Құрманғазы ауданында тағы да ұшқышсыз ұшу құрылғысына ұқсайтын белгісіз нысанның бөлшектері анықталды.
Полиция департаментінің мәліметінше, фрагменттер шекара маңындағы ашық дала аумағынан табылған. Қазіргі уақытта объектінің шығу тегі мен мақсаты анықталуда.
«Құқық қорғау және тиісті уәкілетті органдармен бірлесіп, сыртқы пішіні дрон бөлшектеріне ұқсайтын нысанға қатысты тексеріс басталды. Күдікті зат адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеген. Ешкім зардап шеккен жоқ», – делінген ведомство таратқан хабарламада.
Бұл – өңірде тіркелген алғашқы жағдай емес. 22 маусым күні Қоныртерек ауылына жақын маңнан да осындай белгісіз құрылғының бөліктері табылған еді. Ол кезде де облыс әкімдігі арнайы комиссия жіберілгенінмәлімдеген болатын.
Қазіргі уақытта барлық мән-жай толық анықталып, тергеу жалғасуда.