«Бай отбасыда туғанда, бұл ауыр жолды таңдамас едім» – Шавкат Рахмонов
Атақты спортшы жастарға «Оқыңдар!» деп ақыл айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстандық UFC файтері Шавкат Рахмонов спорттағы жолын не себепті таңдағанын айтып, жастарға өмірлік бағыт беретін кеңесін бөлісті. Бұл туралы ол Ulysmedia.kz порталына берген сұхбатында айтты.
«Егер жағдайы жақсы отбасында дүниеге келсем, мұндай қиын спорт түрін таңдамаған болар едім. Кәсіпкерлікпен айналысатын едім. Спорт деген – үлкен еңбек, ол денсаулық пен уақытты талап етеді. Сондықтан жастарға айтарым – ең алдымен білім алып, адам болуға тырысыңдар. Бұл жол оңай емес», – дейді жартылай орта салмақта өнер көрсететін спортшы.
Шавкат бала күнінен бастап жеңіске, жетістікке ұмтылғанын айтып, чемпиондық белбеу – оның бала арманы екенін ерекше атап өтті.
«Кішкентай кезімнен жарысқа, бірінші болуға құштар болдым. Басқа біреу болса, әлдеқашан бұл жолдан бас тартатын еді. Бірақ менің мақсатым – елге чемпиондық белбеу сыйлау. Сол үшін бар күшімді салып келемін. Барлығы – Алланың қалауымен. Біздің міндетіміз – тырысу», – дейді ол.
Айта кетейік, Шавкат Рахмонов – қазіргі таңда UFC-де жеңіліссіз келе жатқан ең үздік қазақстандық файтер. Ол октагонда өткізген барлық жекпе-жегінде жеңіске жеткен.
Материал авторы