Еліміз енді қарасорадан есірткі емес, төлқұжатқа қағаз жасап шығармақ
Қазақстан қарасораны бағалы құжаттар мен қағаздар үшін пайдаға жаратпақ.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда техникалық қарасораны шаруашылық мақсатта қолдануға бағытталған тың бастама қолға алынуда.
Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, бұл өсімдіктен жоғары деңгейде қорғалған қағаз шығару мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Жобаға инвестор қызығушылық танытып, қазіргі таңда өндірістік алаң мен технологиялық шешімдерді зерделеп жатыр.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың мәлімдеуінше, өндіріс әзірге басталған жоқ, дегенмен қарасораның әлеуеті зор.
"Қарасорадан тек май мен талшық емес, банк құжаттарына, төлқұжат пен жеке куәліктерге арналған арнайы қағаз да жасауға болады. Елімізде тек техникалық (есірткілік әсері жоқ) қарасора өсіруге рұқсат берілген. Сол себепті болашақ өндіріс өнімдері қауіпсіз әрі сұранысқа ие болады деп сенеміз", – деді министрдің орынбасары Азат Сұлтанов Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте.
Оның айтуынша, қарасора негізіндегі қағаз бұйымдары негізінен экспортқа бағытталады. Жоба нарықтағы сұраныс пен өндірістік тиімділікке қарай пысықталмақ.
— "Инвестор қазіргі таңда өңірді зерттеп жатыр. Болжам бойынша, өндіріс Солтүстік Қазақстан облысында орналасуы мүмкін. Бұл өңір климаттық және инфрақұрылымдық жағынан жобаны жүзеге асыруға қолайлы", – деді Сұлтанов.
Жаңа өндіріс іске қосылса, Қазақстан қағаз импортына тәуелділікті азайтып қана қоймай, халықаралық нарыққа экологиялық таза, техникалық қарасорадан жасалған жоғары сапалы өнім ұсына алады.
Материал авторы