1617

Трамп Путин мен Си Цзиньпинге «Мәскеу мен Пекинді бомбалаймын» деп қоқан-лоққы жасағанын мойындады

Трамп Путинге «Егер Украинаға кірсеңдер, Мәскеуді жоқ қылам» деген.

Трамп Путин мен Си Цзиньпинге «Мәскеу мен Пекинді бомбалаймын» деп қоқан-лоққы жасағанын мойындады
Ken Cedeno/Reuters

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Қытай басшыларына ел астаналарын бомбалаумен қоқан-лоққы жасағанын айтып берген. Бұл туралы америкалық БАҚ жариялаған аудиожазбаларда айтылған.

CNN мен The Washington Post мәліметінше, Трамптың бұл сөздері 2024 жылғы сайлауға қатысты демеушілермен өткен кездесулерде жазылып алынған. Журналистерге берілген жазбалар кейін кітап авторлары арқылы таралған.

«Егер Украинаға кірсеңдер, Мәскеуді жоқ қылам»

Аудиожазбалардың бірінде Трамп Ресей президенті Владимир Путинге Украинаға басып кірсе, Мәскеуді бомбалап тастайтынын ескерткенін айтады.

«Мен Путинге: «Егер Украинаға кірсең, Мәскеуді күлге айналдырам. Таңдауым жоқ» дедім. Ол болса: «Сізге сенбеймін» деді. Мен: «Сенсең де, сенбесең де, мен мұны істеймін» деп жауап бердім», – дейді Трамп.

Бұл әңгіменің нақты қай кезде болғаны айтылмаған.

«Пекинді де бомбалаймын» – Си Цзиньпинге де қысым көрсеткен

Сол секілді Трамп Қытай басшысы Си Цзиньпинге де дәл осындай ескерту жасағанын айтқан.

«Ол (Си Цзиньпин) мені есі ауысқан деп ойлады. «Пекинді дейсіз бе? Сіз бомбаламайсыз ғой...» деді. Мен «Басқа амалым жоқ» дедім», – дейді Трамп жазбада.

Трамптың айтуынша, Путин мен Си оның сөзіне «10 пайызға сенді», бірақ «5 пайызының өзі жеткілікті еді».

Айта кетейік, 2024 жылы The Washington Post бұл туралы алғаш жазған, бірақ ол кезде аудиожазбалар жарияланбаған болатын.

Материал авторы