«Спортзал мешіт емес»: Қазақстанда спортшыларға дінді насихаттауға тыйым салынды
Спортшыларға арналған ережелер жария болды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қазақстандық спортшылар енді діни көзқарасын ашық түрде білдіре алмайды. Туризм және спорт министрлігі 2025 жылғы 27 маусымда спорт саласындағы этика кодексіне өзгерістер енгізіп, діни насихат пен миссионерлікке ресми шектеу қойды.
Жаңа талаптар спортшыларға, жаттықтырушыларға, төрешілер мен оқытушыларға бірдей қолданылады. Енді оларға:
Жаттығу не жарыс кезінде діни көзқарасын жария етуге;
Басқа адамды діни ұйымға тартуға немесе миссионерлік әрекетке үгіттеуге;
Қоғамдық орындарда мас күйінде жүруге;
Жарыс не жаттығу жайлы жасырын ақпаратты жариялауға;
Саяси ұрандар көтеруге тыйым салынды.
Бұған қоса, этика нормаларына сәйкес, спортшылар Қазақстанның мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қарауы, Әнұран мәтінін білуі, және марапаттау сәтінде жартылай жалаңаш немесе бейресми киіммен шықпауы тиіс.
Жаңа ереже 2025 жылғы 19 шілдеден бастап күшіне енеді.
Министрліктің мәлімдеуінше, бұл ереже — қоғамдық тұрақтылықты сақтау және спортшылардың бейтараптығын қамтамасыз ету мақсатында қабылданған. Яғни, спорт – саясат пен дінге емес, әдеп пен адал бәсекеге негізделуі керек деген ұстаным басым.
Әлеуметтік желі қолданушылары арасында бұл шектеу қоғамды артық реттеу деп қабылдағандар да, қажетті әрі уақытылы қадам деп бағалағандар да бар.
Материал авторы