«Уәде бергендер қайда?» – Алматыдағы балалар үйі тағы да көшірілмек
Бағанашылдағы №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері Қонаевқа көшуге қарсы.
SMARTNEWS.KZ басылымы Stan.kz. сілтеме жасай отырып хабарлайды, Алматы қаласының Бағанашыл шағынауданында орналасқан №1 облыстық балалар үйі жазда Қонаев қаласына көшірілуі мүмкін. Бұл – дәл осы көшіруге қарсы болған балалар мен қоғам белсенділерінің талабына қарамастан қабылданған шешім. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.
Ол 10 шілдеде Алматы облыстық білім басқармасы шығарған арнайы бұйрықтың көшірмесін жариялады. Құжатта «арнаулы әлеуметтік қызметтерді қажет ететін балаларды қолдау орталығының» орналасқан жері ресми түрде өзгертілгені жазылған.
– Үш ай бұрын шенеуніктер балаларды көшірмейміз деп уәде берген еді. Енді мына бұйрық нені білдіреді? Уәде қайда? – деп жазды депутат ашына.
facebook парақшасынан
Еске сала кетейік, осы жылдың наурызында Бағанашылдағы балалар үйінің Қонаевқа көшірілетіні туралы ақпарат тарап, түлектер мен тәрбиеленушілер бұл шешімге үзілді-кесілді қарсы шыққан болатын. Қоғамда үлкен резонанс тудырғаннан кейін бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Алматы облысының әкімімен кездесіп, балалар үйі бұрынғы орнында қалатынын мәлімдеген.
Алайда соңғы бұйрық сол уәденің орындалмайтынын меңзеп тұр. Қазір қоғам тарапынан ресми түсініктеме талап етіліп отыр.
