SMARTNEWS.KZ басылымы Orda.kz. сілтеме жасай отырып хабарлайды, Қазақстанда көзбен қарап болашақты болжайтындар мен алақанға үңіліп тағдыр жазмышын оқитындардың «қызметі» бұрын-соңды болмаған қарқынмен жүріп жатыр. Балгерлер, астрологтар және экстрасенстер тек 2024 жылдың өзінде 2,9 миллиард теңгенің қызметін көрсеткен. Бұл – тек ресми тіркелген сандар.
Мұндай мәліметті Ұлттық статистика бюросы таратты. Ең қызығы — бұл сомалар тек заңды түрде тіркелген «басқа да жеке қызметтер» санатына кіретін «көріпкелдерге» тиесілі. Ал салықсыз, «көлеңкеде» жұмыс істеп жүргендердің нақты табысы бұдан бірнеше есе көп болуы мүмкін.
Магияға деген сұраныс тек артып келеді. Егер 2022 жылы балгерлер мен астрологтар нарығы бар болғаны 50 миллион теңгеге бағаланса, екі жылдың ішінде бұл сала 5700 пайызға (!) өсіп, миллиардтаған бизнеске айналған. Бұрынғыдай ауыл тұрғындары емес, бүгінде ірі қалалардан шыққан клиенттер басым. Олардың арасында шенеуніктер, сот қызметкерлері, тіпті прокурорлар бар деген мәлімет те жоқ емес.
Қоғамдағы бұл үрдіс елді дүр сілкіндірген Бишімбаев ісінен кейін тіпті ушығып кетті. Сарапшылар Салтанат Нүкенованың өлімі де «жалған көріпкелдерге» деген соқыр сенімнің трагедиялық салдарын көрсеткенін айтады.
Айтпақшы, көрші Қырғызстанда билік балгерлер мен экстрасенстердің жарнамасына біржола тыйым салмақ. Қазақстанда мұндай шектеу әлі күн тәртібінде емес.
RUS