"Су мен балық шаруашылығына – 42 көлік пен 65 техника": Қызылордада еңбек иелеріне құрмет көрсетілді
Кәсіби мереке аясында сала үздіктері марапатталып, мекемелерге жаңа техникалар тапсырылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қызылордада су, балық және ветеринария саласының қызметкерлеріне арналған кәсіби мереке кең көлемде аталып өтті.
«Өнер орталығында» өткен салтанатты жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Мәжіліс депутаттары Мұрат Ергешбаев пен Мұрат Әбенов, құқық қорғау органдарының басшылары, қоғам қайраткерлері мен сала мамандары қатысты.

Аймақ басшысы құттықтау сөзінде су және мал шаруашылығы, ветеринария бағытындағы жетістіктерді атап өтіп, бұл салалардың ел экономикасындағы рөліне ерекше тоқталды.
– Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, адал еңбек пен нақты мамандық иелерін дәріптеуіміз керек екенін айтты. Бұл – қоғамның тірегі болған еңбек адамдарына деген құрметтің нақты көрінісі, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақордада өткен арнайы қабылдауында Қызылорданың бірнеше өкілі мемлекеттік наградаға ие болғаны да ерекше аталды.
«Парасат» ордені Сұлтанбек Тәуіпбаевқа, «Құрмет» ордені Дихан Әубәкіров пен Мақсұт Өтеулиевке табысталған.
Мерекелік жиын барысында саланың дамуына үлес қосқан бірқатар мамандар марапатталды. Олардың қатарында:
- Бегеш Жақып – «Құрмет» орденіне;
- Болат Асербаев – «Ерен еңбегі үшін» медаліне;
- Әділхан Қарлыханов – «Су шаруашылығы саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болды.
Сонымен қатар, Премьер-министрдің Алғыс хаттары, салалық министрліктер мен облыс әкімінің марапаттары табысталды.

Ең маңызды жаңалықтардың бірі – мекемелерге 42 қызметтік автокөлік пен 65 арнайы техниканың кілті салтанатты түрде тапсырылды. Бұл – сала жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған нақты қолдау.