Рогаткамен қарамағындағыларға оқ атқан полицейге қатысты тергеу басталды
Полиция бастығы қарамағындағыларды атып тәрбиелеген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әлеуметтік желіде Абай облысы Шар қаласының полиция бөлімінде түсірілген делінген бейнежазбалар тарады. Онда азаматтық киімдегі ер адамның полицей формасындағы қызметкерлерге рогаткаға ұқсас құралдан оқ атып жатқан сәті байқалады.
Бейнежазбада полицейлердің еш қарсылық көрсетпестен қашып бара жатқаны көрінеді. Бастапқыда бұл – ермек немесе қалжың сияқты көрінуі мүмкін, алайда бейнежазбадағы кейіпкерлер – мемлекеттік қызметкерлер, оның үстіне қызмет барысында жүрген тәртіп сақшылары.
Жазба авторының айтуынша, қолына рогатка ұстаған адам – жергілікті полиция бөлімінің подполковник шеніндегі басшысы, ал темір шариктермен қарамағындағыларға оқ ату – оның «тәрбиелеу әдісі».
"Қоластындағыларға аңшы сияқты оқ атады. Күледі. Бұны тәрбиелеу деп айтуға келе ме? Бұл – билікке мастану", – делінген жазбада.
Осы жағдайға қатысты Абай облысының полиция департаменті түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, қызметтік тексеру басталған.
"Абай облыстық полиция департаментінің жеке құрам инспекциясы аталған факті бойынша оқиға орнына барып, қызметтік тергеу тағайындады. Нәтижесіне қарай заң аясында шешім қабылданады", – деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметі.
Материал авторы