SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Теміртауда жасөспірім қыздың ересек ер адаммен бірге тұрғаны анықталып, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Оқиғаға байланысты қамқоршылық органдары дабыл қағып, сот арқылы анасы ата-ана құқығынан айырылды.
Қарағанды облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, 14 жастағы қыз бірнеше ай бойы 36 жастағы ер азаматпен бірге тұрып келген. Ал оның анасы қызын тәрбиелеуге қатыспаған, ішімдікке салынған және бала үшін қажетті тұрмыстық әрі оқу жағдайларын жасамаған.
Сотта қалалық білім бөлімі тарапынан анаға ата-ана құқығынан айыру туралы талап арыз берілді. Қамқоршылық органы мен прокуратура бұл талапты қолдады. Ал қыз бен анасы соттан бұл шешімді қолданбауды сұрады. Соған қарамастан, сот баланың мүддесін ескере отырып, анасының құқығын шектейтін шешім шығарды.
«ҚР Конституциясы мен Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы кодексіне сәйкес, ата-аналар баласының денсаулығы мен дамуына қамқор болуға міндетті. Ал бұл істе анасы өз міндеттерінен бас тартып, баласының өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген», – делінген сот хабарламасында.
Сот материалдарында анасының жұмыс істемейтіні, бейәдеп өмір салтын ұстанатыны және ата-ана міндеттерін орындамағаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны көрсетілген. Ол қызының түнгі уақытта көшеде ересектерсіз жүруіне жол бергені үшін де жауапқа тартылған.
Жасөспірім 2025 жылдың наурыз айында Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылған. Қазіргі уақытта сол жерде тұрып жатыр.
Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
RUS