SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейдің Украинадағы соғысты тоқтатуға ниет білдірмеуіне байланысты бұл елге қарсы жаңа экономикалық шектеулер енгізуге дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Вашингтонда өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.
Дональд Трамптың айтуынша, Ресейге қатысты жаңа кедендік тарифтер 100 пайызға дейін жетуі мүмкін. Бұл шаралар 50 күннен кейін күшіне енеді, егер Кремль соғысты тоқтату бойынша келіссөздерге келмесе.
«Біз Ресейге қатты ренжиміз. Сондықтан өте қатаң – 100 пайыздық тариф енгіземіз. Бұдан былай жұмсақтық болмайды», – деді АҚШ президенті.
Трамп сондай-ақ Ресей президенті Владимир Путинге деген ренішін ашық білдіріп, оны "уәдесінде тұрмайтын басшы" деп атады.
«Мен Путин сөзінде тұрады деп ойлаған едім. Ол әдемі сөйлейді, бірақ түнде адамдарды бомбылайды. Бізге мұндай саясат ұнамайды», – деп қосты Трамп.
Айта кетейік, баспасөз мәслихатында Трвмп АҚШ пен НАТО Украинаға қару жеткізу туралы мәмілеге келгенін де жария етті. Оның айтуынша, АҚШ қару береді, ал оның ақысын НАТО төлейді.
Жеткізілетін қару-жарақтың ішінде Patriot зениттік-зымыран жүйелері, бірнеше зымыран кешені жөнелтілмек. Жалпы Украинаға 17 жүйе беру мүмкіндігі қарастырылып отыр
«Бүгін біз НАТО-мен Украинаға қару беру туралы келісімге қол жеткіздік. Бұл — ортақ шешім, енді НАТО қарудың ақысын толық өтейді», – деді Трамп.
Украина президенті Владимир Зеленский бұған дейін Германияның екі Patriot жүйесін қаржыландыратынын, ал Норвегияның бір кешенді жіберетінін мәлімдеген болатын. Басқа еуропалық елдер де қолдау көрсетуге дайын екенін білдірген.
Трамптың айтуынша, Ресейдің агрессивті саясатына қарсы екіншілік санкциялар мен қосымша тарифтер Конгресс пен Сенаттың мақұлдауынсыз енгізілуі мүмкін. Бұл — Ақ үйдің жағдайды шұғыл өзгертуді көздеп отырғанының айқын белгісі.
«Кейбіреулер Ресейге 500 пайыздық тариф енгізуді ұсынып отыр. Бірақ шын мәнінде 100 пайыз да жеткілікті. Мәселе – сандарда емес, әсер ету деңгейінде», – деді ол.
Сондай-ақ Ресейдің түнгі шабуылдары жиілеген соң, Киев билігі дрондар мен зымырандардан қорғану үшін «Таза аспан» атты жаңа қорғаныс жобасын іске қосты.
Жобаның құны — 260 миллион гривен (шамамен 5,3 миллион еуро).
Жүйе аясында:
Ұшқышсыз ұшу аппараттарын ұстайтын дрондар
Арнайы дайындықтан өткен операторлар
Жылдам әрекет ететін мобильді топтар құрылуда
Трамптың айтуынша, ол әлі де дипломатиялық жолды жоққа шығармайды, алайда Ресейден нақты қадам күтеді.
«Біз соғысқа 250 миллиард доллар жұмсадық. Бұл соғыстың бітуі керек. Ал Ресей тек созып отыр. Егер олар келіссөзге келмесе, біз де қарап қалмаймыз», – деді Трамп.
Еске салайық, Украинадағы соғыс төртінші жылға ұласып отыр. Ресейдің әскери шабуылдары әлі де жалғасуда. Ал АҚШ пен НАТО елдері Украинаға қару-жарақ, әскери көмек және экономикалық қолдау көрсетуді жалғастырып келеді.
RUS