738

«Ақшам жетпейді»: Атыраудағы көпбалалы ана балаларын сүндеттетуге ақшасы жетпейтінін айтып шағымданды

Ол сүндеттеудің құны қымбат деп ренжіп отыр. Айтуынша, тек күйеуі жұмыс істейтін көрінеді.

«Ақшам жетпейді»: Атыраудағы көпбалалы ана балаларын сүндеттетуге ақшасы жетпейтінін айтып шағымданды
LeventKonuk / Getty Images

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау қаласында «Алтын алқа» иегері, көпбалалы ана екі ұлын сүндетке отырғызуға мүмкіндігі жоғынайтып, жергілікті билікке шағымданды. Бұл туралы «Ақ Жайық» басылымы жазды.

Әйел Telegram-арна арқылы әкімдікке жолдаған хатында, облыстық балалар ауруханасында бір баланы сүндеттеу құны 25 500 теңге екенін көрсеткен. Ал отбасында егіз ұл болғандықтан, анасына әр балаға 18 000 теңгеден «жеңілдік» ұсынылған. Бірақ 36 000 теңге де бұл отбасы үшін ауыр жүк болып отыр.

«Бізде тек күйеуім жұмыс істейді. Бағалар күннен күнге өсіп жатқанда, мен мұндай соманы қайдан табамын? Балаларымның денсаулығына алаңдаймын», – деді келіншек.

Денсаулық сақтау басқармасы түсіндіргендей, сүндеттеу (циркумцизия) – жоспарлы медициналық процедура, тек ата-ананың қалауы бойынша жасалады. Сондықтан бұл қызмет міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне кірмейді, яғни ақылы түрде жасалады.

Әкімдіктің айтуынша, медициналық құралдар мен шығын материалдарының қымбаттауына байланысты баға өскен. Мемлекеттік мекемелердегі тарифтер жекеменшік клиникаларға қарағанда арзанырақ, бірақ табысы төмен отбасылар үшін бұл да қолжетімсіз болып тұр.

Медициналық мекеме өкілдері егер сүндеттеу медициналық көрсеткіштер бойынша қажет болса және дәрігерден жолдама болса, бұл операцияны күндізгі стационарда тегін жасауға болатынын ескертті.

Ал басқа жағдайда ата-аналарға әлеуметтік қорғау бөліміне немесе емханадағы әлеуметтік қызметкергежүгінуге кеңес берілді – кей жағдайда қосымша жеңілдік алуға мүмкіндік бар.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор