SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда 16 миллион азаматтың медициналық ұйымдардан жеке деректері заңсыз тараған болуы мүмкін. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді.
«Қазір бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, тиісті органдар тергеу жүргізіп жатыр. Бүгінгі қолда бар ақпаратқа сүйенсек, деректер 2022 жылға тиесілі. Бұл — өте өкінішті жағдай. Мұндай фактілердің орын алуы **Үкіметке де абырой әкелмейді», — деді Бектенов.
Премьер-министр ақпараттың қайдан тарауы мүмкін екенін де айтты:
«Болжам бойынша, бұл медициналық мекемелер арқылы тараған. Олар мемлекеттік дерекқорларға қол жеткізе алады, бірақ қорғау шараларын қамтамасыз етпеген. Бұл — тікелей жауапкершілік. Біз қауіптердің артуына қарай заңнамалық және жедел шараларды қолға аламыз», — деді ол.
Алайда, алаяқтардан қашан құтыламыз? деген сұраққа нақты жауап бермеді:
«Мен сіздерге ертеңнен бастап алаяқтардың қоңырауы тоқтайды деп уәде бере алмаймын. Бірақ біз 67 миллион алаяқтық қоңыраудың алдын алдық. Яғни бұл әрекеттер азаматтарға дейін жетпеген. Кейбір жағдайларда номерлер бірден өшіріліп, SIM-карта бұғатталады», — деді премьер.
Сондай-ақ, Бектенов дипфейк технологияларының қарқын алуына да тоқталды:
«Қазір алаяқтар дипфейктерді де қолдануда: белгілі тұлғалардың бейнесін жасап, олардың атынан жарнама жүргізіп, азаматтарды алдап соғады. Көпшілігі соған сеніп, ақшаларын беріп жатады. Бұл — қауіпті тренд. ІІМ жанында киберқылмыспен күресетін арнайы бөлімше, ал Ұлттық банк жанында антифрод-орталық жұмыс істейді», — деді Үкімет басшысы.
RUS