Перизат Қайрат су тасқыны кезінде банктердің бірінен 620 млн теңге сұраған
Бұл туралы Kaspi Bank АҚ-ның заң кеңесшісі Айдар Кісембаев айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Kaspi Bank су тасқынына байланысты қорға аударған 620 миллион теңгенің жымқырылғанын мәлімдеді.
BAQ.KZ мәліметінше, 2024 жылдың басында Қазақстанда жаппай су тасқыны басталған. Осыған байланысты 5 сәуірде "Bizbirgemiz Qazaqstan 2030" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Перизат Қайрат атынан Kaspi Bank-ке зардап шеккендерге көмек көрсету туралы ресми хат жолданған.
2024 жылғы 5 сәуірде Перизат Қайраттың атынан 120 миллион теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсету туралы алғашқы хат келді. Кейін 8 сәуірде тағы бір хат түсті – бұл жолы 500 миллион теңге сұралған, – деді Кісембаев сотта.
Оның сөзінше, екі хатты қарап шыққаннан кейін банктің басшылығы халыққа көмек көрсету мақсатында жалпы 620 миллион теңгені ForteBank арқылы қорға аудару жөнінде шешім қабылдаған.
Кейін 1 шілдеде Kaspi Bank-ке Перизат Қайраттың атынан алғыс хаты келіп түсті. Хатқа қор атқарған жұмыстар бойынша есеп қоса тіркелген. Алайда тергеу барысында бұл есепте көрсетілген шығындар мен іс-шаралардың басым бөлігі расталмаған, – деді банк өкілі.
Kaspi Bank бұл сома бойынша толықтай қайтаруды талап етіп отыр.