Алматыда 76 жастағы әжені баспалдақтан итеріп жіберген Амантай қажы қамауға алынды
Жәбірленуші жүре алмай қалғанын айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда қоғам белсендісі Амантай қажы Биғайша Бектенбаева есімді 76 жастағы зейнеткерді баспалдақтан итеріп жіберді деген күдікке ілінді. Зардап шеккен әйел жамбасының екі жерінен сынғанын айтып отыр. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Зейнеткердің қызы Раиса Бесқарағаева оқиғаны тілшілерге баяндап берді:
«Анам сап-сау жүрген еді. Амантай қажы артынан қарап тұрып, еш себепсіз итеріп жіберді. Ешқандай сөз талас болмаған. Қазір анам қозғала алмайды, төсекте жатыр. Дәрігерлер екі жерінен темір салып берді, сүйегі шашылып кеткен», — деді ол.
Оқиға екі апта бұрын таңғы уақытта болған. Жәбірленуші Биғайша Бектенбаева қаладағы стадиондардың бірінде медбике болып жұмыс істейді. Сол күні Амантай қажымен амандасып, оны ішке кіргізген. Бірақ артынша қажы әйелді итеріп жіберген, дейді қызы.
Зардап шеккен зейнеткер көп қан жоғалтқан. Оған төрт сағатқа созылған күрделі операция жасалған.
Қазіргі уақытта жәбірленуші тарап күдіктінің жауапқа тартылуын және ем-домға кеткен шығынды өтеуін талап етуде.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Алматыда Амантай қажының әйелді итеріп жібергені туралы видео тараған. Полиция бұл фактіні растады және қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Айта кетейік, Амантай қажы ел ішінде танымал қоғам қайраткері. Ол «Аттан, Қазақстан!» атты ядролық сынаққа қарсы қозғалысын басқарған. Сонымен қатар, 10 жыл бұрын президент сайлауына кандидат ретінде тіркелген болатын.
Материал авторы