SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қытайда қазақ блогері Аружан Айбекова жұртты әдейі арандатып, ел ішінде шу туғызған дейді Sohu сайты.
Қазақстандық блогер Аружан Қытайдың Гуанчжоу қаласында түсірген бейнероликтерімен ел ішінде және халықаралық желіде үлкен дау тудырды. Ол өз әрекеттерін «Қытайдағы қоғамдық тәртіпті тексеру» деп атағанымен, оның қасақана ұйымдастырған арандатулары заңды бұзу шегіне жеткен.
Әлеуметтік желіде таралған видеоларда Аружан мен оның командасы бірнеше мәрте әдейі адамдарды арандатып, оларды ұятты жағдайға қалдырғаны көрінеді. Атап айтқанда, ол дүкен сатушысының қалтасына ұялы телефон салып қойып, ұрлық жасады деп айыптаған. Тағы бір видеода кәмелетке толмаған оқушыны метро ішінде қасақана денесіне қол тигізіп мазалаған. Көшеде бейтаныс ер адамдарды қолынан ұстап, «реакцияларын сынаған». Бұл көріністер «Қытай еркектері қалай жауап береді?» деген атпен монтаждалып, TikTok және басқа да платформаларда миллиондаған қаралым жинаған.

Блогердің әрекеті қоғамда үлкен сынға ұшырады. Видеолар кейіннен кейбір шетелдік аккаунттар арқылы қайта жарияланып, Қытайдағы «әлеуметтік кемшіліктерді дәлелдейтін» материал ретінде ұсынылған. Алайда сарапшылар мұның шындыққа жанаспайтынын айтып отыр.
Құқық қорғаушылар мен заңгерлердің айтуынша, бұл әрекеттер бірнеше заң бұзушылыққа жатады:
Әкімшілік құқық бұзушылық: Жалған айып тағу, қоғамдық тәртіпті бұзу.
Азаматтық жауапкершілік: Жеке тұлғалардың беделіне нұқсан келтіру, бейнесін рұқсатсыз тарату.
Қылмыстық жауапкершілік: Егер бұл әрекеттер қоғамдық тәртіпке елеулі зиян келтірсе, тіпті түрмеге қамау жазасы қолданылуы мүмкін.
Қазіргі таңда Гуанчжоу полициясы істі тергеуге кіріскен дейді Sohu сайты. Басылымның дерегінше, Аружанның әлеуметтік желідегі аккаунттары бұғатталып, барлық видеолары өшірілген.
Енді Қытайдың интернет кеңістігін қадағалайтын платформалар да шетелдік контентті қатаң тексеруге уәде беріп отыр.

Ал сарапшылар мұны «вирус видеолар арқылы Қытайды масқаралау әрекеті» деп бағалауда. Олар шетелдік блогерлердің арасында Қытайды «экзотика» ретінде пайдаланып, даулы, хайп әкелетін контент жасап жүргендер көбейіп бара жатқанын айтып дабыл қақты. Мұндай әрекеттер шынайы мәдени алмасу емес, тек көрілім үшін жасалған арандату екенін алға тартады.
Қоғамның пікірі де екіге жарылды. Бірі — Қытайдың ашықтығын теріс мақсатта пайдалануға болмайтынын ескертсе, екіншілері — мұндай әрекеттерге заңмен тыйым салынуы керек деген ұстанымда. Жергілікті билік те осы оқиғадан кейін шетелдік блогерлерге қойылатын талаптарды қайта қарап, заңнамалық өзгерістер енгізуді қарастырып жатыр.
Дау-дамайдан соң блогер Аружан Айбекова қытай қоғамын дүр сілкіндірген бейнежазбаларын өшіріп, оларды таратпауды сұрады.

RUS