16101

«Қасқаны инвалид қылды»: Танымал әзілкеш Ерболат Төлеген шымкенттік емшіні әшкереледі (ВИДЕО)

Емшісымаққа сеніп, ауру болдым дейді 5 жылдан бері дертпен алысып келе жатқан актер.

«Қасқаны инвалид қылды»: Танымал әзілкеш Ерболат Төлеген шымкенттік емшіні әшкереледі (ВИДЕО)
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, танымал әзілкеш Ерболат Төлеген өзін мануалды терапевт ретінде таныстырған адамның кесірінен бірнеше жыл бойы денсаулығымен күресіп жүргенін мәлімдеді. Ол әлеуметтік желіде жалған емшілерден сақ болуға шақырды.

«Құрметті ағайын, сіздерге айтарым – мынадай емшісымақтарға сенбеңіздер, өтініш. Жай ғана әлеуметтік желіге салмаған едім, енді біздің видеоларымызды Instagram-ға жүктеп, өзін мені аяққа тұрғызған адам ретінде көрсетіп жүр екен. Амалсыз осы жазбаны жариялауыма тура келді», – деді ол.

Әзілкештің айтуынша, ол аталған «емшінің» кеңесіне сеніп, Алматыда қабылдауына барған. Алайда өзін кәсіби маман етіп көрсеткен адам шын мәнінде YouTube желісінен бірнеше видео көріп, өзін-өзі емші деп жариялаған алаяқ боп шықты.

«Оң қолымның сіңірін жыртып жіберді. Салдарынан 2-3 жылдай жұмыс істей алмай қиналдым. Енді сол қолымның иығын көтере алмай жүрмін. 4-5 жыл болды, әлі емін таба алмай келемін. Плазмалық терапия да алдым, блокада да жасаттым – көмектеспеді. Айтарым – мұндай жалған емшілерге сенбеңіздер», – деді Ерболат Төлеген.

Ол өзін жарақаттаған адамның есімі Оңласбек екенін атап өтті. Instagram желісіндегі парақшасында @onlasbek_manualist атымен тіркелген. Әзілкеш оны әшкерелегеннен кейін емші оны блоктап тастағанын да сөз етті.

«Шымкентте ананы емдедім, мынаны емдедім деп тағы да елді алдап жүр екен. Адамдарға шын зиян келіп жатыр», – деп жазды Төлеген.

Әзілкеш емшінің тәсілін көрсетіп бейнежазба жариялады. Онда ер адамның Ерболат Төлегеннің желкесінен бар күшімен ұрып, қолдарын тартып жатқанын көруге болады. Бұны көрген жұрт жағасын ұстады.

«Қасқаны инвалид қылды ғой. Ешқандай күлкілі емес. Неге бір ұрмадың өзін? Бұндай ем бола ма екен?!», «4-5 жыл өткесін қазір айтқаныңа жол болсын, тізесі шыққанан кейін. Оған дейін неше адамды қинап жіберді», «Осындай өтірікті айтып, ақша тапқыш емшілер көбейді ғой», «Ойбай, өлтірді ғой», «Құдай сақтасын, осындай ұрып ем жасайтындарды түсінбеймін. Бүкіл нерв жүйесін, тамыр мен бұлшықеттерді зақымдап», - дейді олар.

Айта кетейік, елімізде жалған емшілер мен сертификатсыз қызмет көрсететін тұлғаларға қатысты құқық қорғау органдары тарапынан бақылау күшейіп келеді. Дәрігерлер де әлеуметтік желі арқылы таралатын емдеу әдістеріне күмәнмен қарауға кеңес береді.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор