1172

Ақтөбеде автогаз құю бекетінде машина өртеніп кетті

Өрт кезінде оператор күйіп қалған.

Ақтөбеде автогаз құю бекетінде машина өртеніп кетті
ТЖМ

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әлеуметтік желіде Ақтөбедегі автогаз құю станциясында болған өрттің видеосы тарады. Кадрлардан толықтай жанып кеткен жеңіл көліктің көбіктеніп тұрғанын және өрт сөндірушілердің жұмыс істеп жатқанын көруге болады.

 

Ақтөбе облыстық ТЖД мәліметінше, оқиға Едіге батыр даңғылында орналасқан автогаз құю станциясының аумағында болған. Қайғылы жағдай тұрмыстық газ баллонын (көлемі 25 литр) толтыру кезінде орын алған.

Дабылдың жоғары деңгейіне сәйкес оқиға орнына Жедел-құтқару жасағы және Апаттар медицинасы орталығының күштері дереу жұмылдырылған. Өрт сөндірушілердің жедел әрекетінің арқасында жалын толықтай ауыздықталып, оттың жанармай құю бекетінің резервуарларына таралуына жол берілмеді.

Белгілі болғандай, автогаз құю станциясының операторы жарақат алып, мойны мен қолынан күйік шалған. Ол ауруханаға жеткізілген.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жараланған азамат қазір көпбейінді облыстық аурухананың травматология бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалап отыр, ол есін біледі және қажетті ем қабылдауда.

Материал авторы