2469

«Қазақстан «мамбеттерімен» танымал» деген қарағандылық кәсіпкердің үстінен қылмыстық іс қозғалды

Кешірім сұраған бейнежазбасы көмектесе алмады.

«Қазақстан «мамбеттерімен» танымал» деген қарағандылық кәсіпкердің үстінен қылмыстық іс қозғалды
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қарағандылық кәсіпкер Алика Мұхамадиева әлеуметтік желіде қазақстандықтардың ар-намысына тиетін жазбалар жариялап, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің 174-бабы («Ұлтаралық араздықты қоздыру») бойынша іс қозғалды.

Threads қолданушысының «Швеция — IKEA-мен, Финляндия — Nokia-мен, Дания — Lego-мен танымал. Ал Қазақстан ше?» деген жазбасына Алика «Мамбеттерімен» танымал» деп жауап қалдырған.

Бұдан бөлек, қазақ тілін қорғаушыларды келемеждеп, мемлекеттік тілді «полукалбитский диалог» деп атаған.

Ол өз жазбаларында қазақ тіліндегі сөйлесуді мазақтап:

«Қазақша сөйлеуге жанын салып жүргендердің өзі соңында «осыны қазақшаға аударып берші» деп аралас тілде сөйлейді» деп пікір қалдырған.

Бір апта бұрын жариялаған тағы бір жазбасында Мұхамадиева мұсылмандарды қорлап, оларды «дәретхананы былғайтын», «шошқа секілді» ұстайтын деп сипаттаған. Бұл пікірлер де әлеуметтік желіде кең резонанс тудырды.

Ол сондай-ақ өз компаниясы — Coffeetaipan атынан 2GIS платформасында былай деп жазған:

«Қазақстанда қазақ тіліне байланысты «нацистік» тренд басталып кетті. Бұл қазақ тілі үшін күрес емес, орыс тіліне қарсы күрес. Батыстың үгіт-насихаты жемісін беріп жатыр».

Осы жағдайдан кейін қаржы сарапшысы Айбар Олжай Бас прокуратураға арыз түсіріп, Мұхамадиеваның сөздері ұлтаралық араздықты қоздыру белгілеріне сай екенін мәлімдеді. Қоғам тарапынан да бірнеше арыз түскен.

Алика Мұхамадиева кейін бейнежазба жариялап, әрекеті үшін өкініш білдірді:

«Бүгін түнде көз ілмедім. Айтқан сөздерім үшін қатты өкінемін. Бұл халыққа ауыр тигенін енді түсіндім. Елімді жек көрмеймін. Бұл жерде бизнес жасап жүрсем - демек, Отанымды жақсы көремін», - деді ол.

Алайда, оның кешірімі тергеуді тоқтатқан жоқ. Қазір іс құқық қорғау органдарының қарауында. Егер кінәсі дәлелденсе, ол 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Материал авторы