SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыдағы «Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілерін Конаев қаласына көшіру жөніндегі шешім күшін жойды. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен балаларды көшіру тоқтатылып, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға мекемені жөндеуден өткізіп, қаланың балансына алу міндеті жүктелді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша балалардың көшуі тоқтатылды. Қалыптасқан жағдайға байланысты Президент әкімшілігі қызметтік тексеріс жүргізеді», – деді Желдібай.
Ресми өкілдің айтуынша, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне заңмен бекітілген барлық құқықтар толық көлемде қамтамасыз етіледі.
Бұған дейін «Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілері Конаевқа көшірілуге қарсы шыққан еді. Көшу кезінде келеңсіздік туындап, жағдайға полиция араласқан. Осы сәттен түсірілген бейнежазбалар желіге тарап, қазақстандықтар балаларға жанашырлық білдіріп, жергілікті билікке наразылық танытқан.
RUS