Алматыда тұрғындар үнді туристерді мұсылман еместігі үшін балағаттаған (ВИДЕО)
Үндістандық туристер қазақтардың кемсіткенін желіге жариялап жіберді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанға келген Үндістан азаматтары діни наным-сеніміне байланысты жергілікті тұрғындардан қолайсыз қарым-қатынас көргендерін айтып, шағымданды. Бұл туралы TikTok желісінде жарияланған жазбада айтылған.
Автордың жазуынша, үнді туристер Алматы облысындағы Қайыңды көліне барған. Сол жерде ұлттық киіммен суретке түсіру қызметін ұсынып жүрген жергілікті тұрғындар шетелдіктерге:
«Сен кімсің, мұсылмансың ба, индуиссің бе?» – деген сынды сұрақтар қойып, оларға дөрекі сөйлеген.
Туристер өздерін индуистпіз деген соң, олардың айтуынша, қарым-қатынас күрт нашарлап, жеке басына тиісу, тіл тигізу орын алған.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада бұл әрекеттердің кейбірі түсірілген. Желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды. Бірі:
«Қазақ халқының атынан кешірім сұраймын»,
«Қонақтарды қорлағандар жауапқа тартылсын»,
«Мұндай жағдайлар туризмді тұншықтырады», – деп сын айтса,
енді бірі:
«Ұнамаса, кете берсін»,
«Мұсылман екеніміз ұнамаса, бастарың ауған жаққа кетіңдер», – деп туристерге шүйліккен.
Бірқатар азаматтар:
«Туристің ұлты мен діні болмайды. Қонақжайлығымызды ұмытпайық», – деп сабырға шақырды.
Материал авторы