4462

Қуат Хамитов президенттікке кандидат болатынын мәлімдеді

Халықтың қанымен байлық жинаған жоқпын дейді ол.

Қуат Хамитов президенттікке кандидат болатынын мәлімдеді
instagram.com/kuat__khamitov

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстандық танымал ММА файтері Қуат «Найман» Хамитов 2045 жылы президенттік сайлауға қатысу ниетін білдірді. Бұл туралы 1Bol.kz жазды.

Әлеуметтік желідегі жазбасында спортшы болашақтағы саяси жоспарын ашық жариялап, өзін қазіргі және бұрынғы билік өкілдерімен салыстыра отырып пікір айтты.

«Қысқасы, мен 2045 жылы президенттікке түсемін деп шештім! Менің олардан қай жерім кем? Кейбіреулер сияқты халқының қанымен байлық жинаған жоқпын! Біздің елге ешқандай реформа көмектеспейді! Бар болғаны — ұрланған ұлттық байлықты қайтарып, оны экономикаға қайта құю керек!» — деп жазды ол.

Бұл Қуат Хамитовтың саясатқа қатысты алғашқы мәлімдемесі емес. Бұған дейін, 2023 жылы берген сұхбатында спорттық мансабын аяқтаған соң саясатқа араласуға ниетті екенін айтқан еді. Ол кезде 2035 жылы президенттікке үміткер болғысы келетінін мәлімдеген.

«Спорттық мансабымды аяқтаған соң бес жыл ішінде депутат болуға тырысамын. Ал он жылдан кейін, мүмкін, президент болғым келер. Себебі депутаттар ештеңені өзгертпейді. Сондықтан он жылдан кейін мені күтіңіздер — президент сайлауына қатысамын», — деген болатын файтер «Вестник ММА» басылымына берген сұхбатында.

Қазіргі таңда Қуат Хамитов белсенді спортшы қатарында, бірақ жиі түрде әлеуметтік желілерде қоғамдағы мәселелерге қатысты пікір білдіріп келеді.

Материал авторы