SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе қаласында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жастар полицияның назарына ілікті. Әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін құқық қорғау органдары бойжеткен мен көлік жүргізушілерін анықтап, тиісті шара қабылдады.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, видеода бір бойжеткен жүріп келе жатқан көліктің капотына мініп алып, би билеген. Сол сәтте көліктің ішінде екі жігіт отырған. Тәртіп сақшылары видео желіде тараған сәттен бастап тексеріс жүргізіп, құқықбұзушылық белгілерін анықтаған.
«Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде түрлі “тренд” бейнероликтер түсіру белең алып барады. Алайда азаматтар мұндай контент жасау барысында заң талаптарын, әсіресе жол қозғалысы ережелерін елемей, өз өміріне де, өзгелерге де қауіп төндіруде», – делінген полицияның ресми хабарламасында.
Желі қолданушылары оқиға қаланың әуежайына апаратын күре жолда болғанын айтып, видеоның астына пікір қалдырған. Куәгерлердің айтуынша, жастар түсірілім барысында көлік ағынына кедергі келтіріп, жол қозғалысына қауіп төндірген.
«Осы видеоны түсіріп жатқанда қасынан өттім. Аэропортқа асығып бара жатқан көліктерге кедергі келтіріп жатты», – деп жазған қала тұрғындарының бірі.
Қазіргі таңда полиция заңсыз әрекетке барған тұлғаларға қатысты әкімшілік хаттама толтырып, оларға айыппұл салынғанын мәлімдеді.
RUS