951

Думан Мұхаммедкәрім түрмеден хат жолдап, әділдік талап етті

Журналист түрме формасын киюден бас тартқан.

Думан Мұхаммедкәрім түрмеден хат жолдап, әділдік талап етті
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 22 шілдеде Алматыда өткен баспасөз конференциясында Қазақстандық адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросында журналист әрі белсенді Думан Мұхаммедкәрімнің хаты оқылды. Хатты қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлы жария етті. Бұл туралы Orda.kz жазды.

Думан Мұхаммедкәрім жазбасында Қызылордадағы №60 түзеу мекемесіне қалай этаппен жеткізілгенін, тіпті түрме формасын киюден неге бас тартып отырғанын баяндады. Сонымен қатар, адвокаты істі жүргізген сарапшының лицензиясыз болғанын хабарлады.

Белсенді Қылмыстық кодекстің 405-бабы 2-бөлігі («Тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысу») және 258-бабы 1-бөлігі («Экстремизмді қаржыландыру») бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылған.

Жазған хатында Думан Мұхаммедкәрім өзін Талдықорғаннан еш ескертусіз алып кетіп, арнайы автозакпен Қызылордаға жеткізгенін жазған. Қасында әскери кортеж, иттермен қаруланған күзетшілер болған. «Бұл шынайы өмір емес, кино сияқты көрінді» дейді ол. Пойызда отырған кезде әр стансада «Мен — саяси тұтқынмын, көмектесіңіздер!» деген жазба лақтырып отырғанын да айтады.

Қорғаушысы Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, Думанды карцерден шығарған күні қайтадан кіргізіп тастаған. Түрме басшылығы: «Оны жалпы режимге жібере алмаймыз, толқу пайда болады» деген. Адвокаттың сөзінше, Думан түрме киімін кимегені үшін қатаң оқшаулау жағдайында ұсталып отыр.

«Қазіргі жағдайда камерада бір ғана орындық бар. Кешкі 22:00-де ұйқыға жату керек, таңғы 6:00-де ояну міндетті. Ол моральдық және физикалық қысымда отыр», деді адвокат.

Думан Мұхаммедкәрім өз хатында: «Маған форма емес, менің мойындауым керек. Егер мен оппозицияны қаралап, билікті мақтай бастасам - босатар еді» деп жазған. Оның айтуынша, түрме формасын кию - рухани бағынудың белгісі. Ол бұл «шүберекке» ар-намысын айырбастамайтынын қатаң мәлімдеген.

«Мен кінәлі емеспін. Мен тек шындықты айттым. Сол үшін түрмеде отырмын. Бірақ, мен сынбаймын. Ақиқат үшін отқа түсуге дайынмын», - делінген хатта.

Белсендінің айтуынша, тіпті құқық қорғау органдары мен прокурорлардың өзі бұл істің саяси сипатта екенін іштей мойындайды. Әңгіме барысында «жасырын түрде кешірім сұрағандай» күй танытады екен.

Адвокаттың сөзіне қарағанда, Думан Мұхаммедкәрімге тағылған «экстремизмді қаржыландыру» айыбы 20 мың теңгеге қатысты. Бұл сома оған туған күнінде жіберілген. Сонымен қатар, сараптаманы жүргізген тұлғаның тиісті лицензиясы болмағаны айтылды.

Журналистің денсаулығы нашарлап кеткен. Ол камерадағы жағдайдың карцерден айырмасы жоқ екенін айтып, бүйрек, бауыр, қуық және бел тұсының ауырып жүргенін мәлімдеген. Алайда, түрме әкімшілігі ем-дом беруден формалды сылтаумен бас тартуда.

Материал авторы