SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 22 шілдеде Мәскеудің Басман соты журналист әрі блогер Юрий Дудьті сырттай екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды. Бұл шара «шетел агенттері туралы» заңды орындамағаны үшін қолданылып отыр.
Сот үкімі Дудь Ресей аумағында ұсталған немесе экстрадицияланған сәттен бастап күшіне енеді. Сонымен қатар, ол халықаралық іздеуге жарияланды.
ТАСС агенттігінің мәліметінше, Юрий Дудь шетел агентіне жүктелген міндеттерден жүйелі түрде жалтарған. Ол бұған дейін екі рет әкімшілік жауапқа тартылып, соған қарамастан арнайы белгісіз (маркировкасыз) материалдар жариялауды жалғастырған.
Оған Қылмыстық кодекстің 330.1-бабы 3-бөлігі бойынша айып тағылып отыр — бұл бап шетел агентінің міндеттерін елемеуді қарастырады. Максималды жаза — 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Сонымен қатар, сот Дудьті «Ресейдің әскери және әскери-техникалық саласына қатысты ақпаратты мақсатты түрде жинады» деп айыптап отыр.
Юрий Дудь — танымал журналист әрі блогер. Оның «вДудь» атты YouTube арнасы 10 миллионнан астам жазылушы жинаған. 2022 жылы Ресей билігі оны «шетел агенті» деп танып, ол елден кеткен болатын.
Айта кетейік, осыған дейін жазушы Борис Акунин де сырттай 14 жылға сотталған.
RUS