SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы полициясы Қытайдан жуырда оралған қазақстандық азаматшамен түсіндіру жұмысын жүргізді. Оған әлеуметтік желілерде тарап кеткен пранк-видеолар себеп болған.
Полиция департаментінің мәліметінше, қыздың Қытайда түсірген видеолары қоғамда теріс пікір туғызып, ескерту шараларын қабылдауға негіз болған. Осыған байланысты құқық қорғау органдары оның әрекеттері туралы профилактикалық сипаттағы әңгіме өткізді.
Желіде тараған видеолардың бірінде ол серігінің қалтасынан телефонды алып, оны Қытай азаматына берген соң, «ұрлық болды» деп соған нұсқайды. Тағы бір видеода ол метро мен көшеде бөгде ер адамдарға жақындап, денесіне кенеттен қол тигізіп, айналасындағылардың түсініксіз жағдайға тап болуына себеп болған.
Полициямен әңгіме кезінде қыз өз әрекеті үшін өкінетінін айтып, былай деді:
«Бұл видеолар ешкімді қорлау немесе мазақ ету ниетімен түсірілген жоқ. Жай ғана ойланбай жарияланған материал болды. Егер біреуге жағымсыз әсер етсем, кешірім сұраймын. Бұдан былай әлеуметтік желідегі контентіме жауапкершілікпен қараймын».
Алматы полициясы жастар мен контент авторларына келесіні ескертті:
Әлеуметтік желіге жарияланатын кез келген контент — жауапкершілік жүктейді;
Шетелде жүрген әрбір азамат сол елдің заңдары мен қоғамдық тәртібін қатаң сақтауы тиіс;
Әлеуметтік желідегі арандатушы әрекеттер ел ішінде де, шетелде де қоғамдық тәртіпке нұқсан келтіруі мүмкін;
Мәдениетаралық айырмашылықтар мен қоғамда қалыптасқан мінез-құлық нормаларына құрметпен қарау — әр азаматтың міндеті.
RUS